Отбасылық даудан кейін 19 жастағы қыз үйіне оралмаған
Ордабасылық полицейлер жоғалған 19 жастағы қызды тауып, жанұясына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 2000 жылғы қызының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны жөнінде хабарлайды. Анасының айтуынша, қыз таңғы сағат 06:00 шамасында үйден шыққан. Содан бері із-түссіз, хабарсыз кеткен.
Аталған хабарлама бойынша Ордабасы АПБ криминалдық полиция қызметкерлері тез арада іздеуге кіріседі. Жоғалған қызды табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел шараларды атқарды. Тұрғындар арасында сұрастырылып, жақын маңдарды аралап, баруы мүмкін деген жерлер тексерілді. Облыс аумағынан бөлек көршілес Шымкент қаласында да іздестіру жүргізілді. Осылайша сақшылардың жүйелі жұмыстары оң нәтиже беріп, қыздың Шымкент қаласына кетіп қалғандығы анықталды. Ордабасылық полицейлер түнгі уақытта қызды алып келіп, аман-есен анасына табыстады. Сонымен қатар қызға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тергеу барысында 19 жастағы қыздың отбасында кикілжің туындағаннан кейін ашуға бой алдырып, үйінен кетіп қалғандығы белгілі болды.
Өз кезегінде қыздың анасы Ордабасы АПБ-нің полицейлеріне жоғалған қызын аман-есен тауып бергендері үшін алғысын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңіздің ұл-қыздарыңызбен жиі сөйлесіп отыруға, араласатын ортасын толық біліп, бақылауда ұстауға кеңес береді. Одан бөлек, отбасында ынтымақ-бірлік болуын басты назарға алуға шақырады. Ал, егер балаңыз жоғалып немесе бірер сағат болсын еш хабарсыз кетсе, уақыт жоғалтпастан тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.