Отбасындағы ойранның зардабы көп
“Отан отбасынан басталады” деп дана халқымыз айтқандай, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі ең алдымен отбасынан басталады. Алайда қазіргі заманда бұл ұғымның түп-төркініне назар аудармай отбасы ұғымына салғырт қарайтындардың қарасы көбейді. Яғни, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі жол беріліп жүргеніне куәміз. Қостанай облысындағы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық ахуалын мен Polisia.kz. сайтының журналисі Абдалимова Қымбат тарқатамын.
Жыл басталғалы Қостанай облысында “102” пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1 500-ден астам хабарлама түскен. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай деңгейде тұрғанын статистиканың өзі мәлімдеп тұр. Бұл ахуалды азайту мақсатында Қостанай облысында отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
2024 жылы Қостанай облысында тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы 5 126 әрекеттің жолы кесілді, 11 мыңнан астам адам профилактикалық есепке алынып, тәртіп сақшылары тарапынан тұрақты бақылауға алынды. Бұл көрсеткіш отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімінің маңыздылығын және әлі де алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Жыл бойы өңірде 100-ден астам алдын алу іс-шарасы өткізілді. Олардың қатарында семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстел форматындағы кездесулер мен қоғамдық тыңдаулар бар. Бұл шараларда 3 мыңнан астам ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылып, тұрғындар арасында зорлық-зомбылықтың салдары мен одан қорғану жолдары туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар облыстағы барлық қала мен ауданда көрнекі ақпараттық баннерлер орнатылды.
Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз қарым-қатынас орнатылған. 2025 жылдың алғашқы үш айында 42 кездесу өткізіліп, полиция мен ҮЕҰ арасындағы өзара әрекеттестіктің оң тәжірибесі зерделенді. Зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық көмек көрсетудің тиімді тәсілдері, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар Қостанай облысында зардап шеккен адамдармен нәтижелі жұмыс жүргізу үшін арнайы тергеу бөлмелері ашылды. Бұл — балалардың психологиялық жай-күйіне зиян келтірмей, қажетті дәлелдерді жинауға мүмкіндік беретін озық тәжірибеге негізделген маңызды қадам. Мұндай жағдайларда әңгімелесу үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Кабинетті ашу бастамасын А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ ректорының кеңесшісі, Әйелдер күштері альянсының төрағасы Римма Бектұрғанова көтерді.
- Біз еліміздің басқа өңірлерінде осындай кабинеттердің жұмыс тәжірибесін зерделеп, Қостанай облысында да ашуды ұсындық. Бұл идеяны Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков қолдады. Ол полиция мен жұртшылықтың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті, - деді Римма Бектұрғанова.
Кабинетте тергеуші мен психологтың жұмысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Сонымен қатар ойын алаңы, демалуға арналған орындар бар. Мамандардың пікірінше, мұның бәрі балаға мамандармен сөйлесудегі кедергіні жеңуге мүмкіндік береді.
Бұл бөлмедегі профилактикалық жұмысты өз көзіммен көру үшін Юбилейный шағын ауданындағы учаскелік полиция пунктінің базасына бардым. Дәл жәбірленуші мен психологтың диалогына тап болдым.
Д. есімді жәбірленуші (есімі өзгертілген) жарымен отасқанына 8 жыл болған. Алайда оның сөзінше, күйеуі осы уақытқа дейін қол көтеріп жүрген. Алайда балалары үшін көндіккен жәбірленуші шыдамының таусылғанын жеткізді. Екі баласын өзі жұмыс істеп жеткізгісі келетінін айтты. Осы кабинетте балалары қалағынынша ойнап, көңілдері ауланды. Күнделікті ұрыс-керістен шаршаған ана, оны көріп психологиялық соққы алған балалармен әңгіме жүргізілді. Тәртіп сақшылары Д. есімді жәбірленушіні арнайы орталыққа жеткізіп, мамандардың көмегімен оны жаңа өмірге апарар жолға бағыттады.
Бұл күрмеуі қиын, күрделі мәселенің себебі неде?
Мамандардың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық көбіне әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан, жұмыссыздықтан, нашар тұрмыстық жағдайдан, психологиялық күйзелістен туындайды. Кейбір азаматтар бала күнінен көрген зорлықты қалыпты жағдай деп қабылдап, өз отбасына да сол сценарийді қайталайды. Бұдан бөлек, ішімдікке тәуелділік, құқықтық сауаттың төмендігі, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімсіздік пен түсініспеушілік те зорлық-зомбылыққа итермелейді.
Қостанай облысында бұған дейін бес дағдарыс орталығы жұмыс істеп келген. Алайда қазіргі таңда заңнамадағы өзгерістерге байланысты олардың бір орталық лицензия алып, өз жұмысын жалғастыруда. Бұл орталықта жәбірленушілерге психологиялық, заңдық көмек көрсетіліп, уақытша баспанамен қамту да қарастырылған. Мұндай қолдау – өмірінде қиындыққа тап болған жандар үшін үлкен демеу. Әрбір азамат заңмен қорғалатынын біліп, қажетті жағдайда тиісті органдардан көмек сұраудан тартынбауы тиіс.
Көмек қажет пе? Үн қатыңыз– хабарласыңыз!
Жыл басынан бері профилактикалық шаралар барысында 1 600 адам ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 839 қорғау ұйғарымы шығарылып, 195 адам осы ұйғарымдарды бұзғаны үшін қосымша жауапқа тартылды.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері зорлық-зомбылық фактілеріне куә болған әрбір азаматты үнсіз қалмауға шақырады. Көмек қажет болса немесе күмәнді жағдай байқалса, 111, 150 және 8 (7142) 55-81-29 нөмірлеріне жүгінуге болады.
- Сіздің белсенділігіңіз, шыншылдығыңыз және уақытылы құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін, – дейді Қостанай облысы полиция департаменті.
2024 жылдың 16 маусымында күшіне енген жаңа заң аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске тың серпін берілді. Осыған байланысты 2025 жылдың басында Ішкі істер министрінің №2 бұйрығымен бөлімшелердің штаттық құрамына қосымша 41 бірлік енгізілді. Бұл мамандардың дер кезінде әрекет етіп, зорлық-зомбылық фактілерін ерте анықтап, жедел әрекет етуіне зор мүмкіндік береді.
Қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу – жалғыз полицияның емес, бүкіл халықтың ортақ ісі. Зорлықсыз қоғам – дені сау ұлт пен жарқын болашақтың кепілі. Ал сол қоғамды құру – әрқайсымыздың парызымыз.