Отырарда 1,7 млн теңгенің малын ұрлаған күдікті қолға түсті
Отырарда 1,7 млн теңгенің малын ұрлаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Отырар аудандық ПБ-ға үш бірдей жергілікті тұрғын үйіндегі жылқы, сиырларын белгісіз біреулердің жымқырғанын жеткізді. Арызда тұрғындарға 1,7 млн теңге шығын келтірілгені көрсетілген.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар, іске белсене кіріскен отырарлық сақшылар мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты істің нәтижесінде, мал ұрлығына қатысты күдікті ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушілердің ауласына түнгі уақытта кіріп, ұрлап алған малдарын өзінің басқаруындағы автокөлікке салып алып кеткен. Қолды қылған сиыр, жылқыларды мал базарға сатып жіберген. Ал ақшасын өз қажетіне жаратқан. Сондай-ақ, күдіктінің бұдан басқа мал ұрлығының тағы екі жайтына қатысы бары белгілі болды. Қазіргі таңда аталған жайттарға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.