Отырарлық полицейлер электр сымдарын ұрлап кеткен күдіктілерді анықтады
Отырарлық полицейлер электр сымдарын ұрлап кеткен күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, ұрлық жайтының орын алғанын айтқан. Аудандық полицейлер оқиға орын алған жерге жылдам жетті. Онда жәбірленушінің айтуынша ауа райының қолайсыздығының салдарынан Отырар электр желілері мекемесіне қарасты электр желісінің сымдары үзіліп, бағаналары құлаған. Содан Көксарай ауылына қарасты Жанкелді елдімекенінде ұзындығы 3 км электр сымдарын белгісіз біреулер ұрлап, 1,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Отырар АПБ-ның қызметкерлері оқиға орнына толық құрамда шығып, қылмысты ашуға бағытталған барлық шараларды жүргізді. Айналаны бір шолып, күдік тудырған аймақтардың барлығын жіті бақылады.
Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде екі күдіктіні қолға түсірді. Олар Арыс қаласының тұрғындары болып шықты. Аз уақыттың ішінде ұсталған күдіктілер ПБ-не жеткізілді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бас шаралары қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мүліктеріне ие болуды ескертеді. Сонымен қатар ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беруге кеңес береді.