Отырарлық сақшылар жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 70-ке жуық жүргізушіні анықтады
Отырарлық сақшылар жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 70-ке жуық жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық ПБ-нің полиция қызметкерлері күнделікті жол қозғалысы ережелерін сақтау мақсатында рейдтік-профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеді. Жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау, ең бастысы мас халде көлікке отырмау керектігі жүргізушілерге үнемі ескертіліп отырады. Соған қарамастан ішімдік ішіп көлік басқаратындар тыйылар емес. Сөзімізге дәлел Отырар ауданы бойынша жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізудің 67 жайты анықталған. Мәселен, Отырар АПБ патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары Ербол Әмірқұлұлы мен Нұрдәулет Жандарбековтер, орталық көшелердің бірінде артқы жарық шамдарын жақпаған көлікті байқап тоқтатады. Алайда жүргізуші полицейлердің тоқта деген белгісін елеместен, қашуға әрекет жасайды. Қызметтік көлікпен соңынан қуған тәртіп сақшылары небары 10 минут ішінде көлікті қуып жетеді.
Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның мас халде екені анықталды. Оны медициналық куәландыруда растады. Полиция қызметкерлері аталған жайттарға байланысты жүгенсіз жүргізушіге үш бірдей хаттама толтырды. Олар: ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру), 613-бабы (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пунктерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) және 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу). Қазіргі таңда жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдану үшін сотқа жолданды.
Осы тұста Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.