Пәтер ұрлығына қатысы бар азамат анықталды
Полицейлер пәтер ұрлығына күдікті азаматты ізін суытпай ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Сарыағаш қаласының полициясына тұрғындардың бірі пәтер ұрлығы туралы арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, күндіз оның үйіне терезе арқылы белгісіз біреулер кіріп, ақша мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі екі миллион теңгеге жуық. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Ұрлықты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді.
Бір күн ішінде Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Тергеу барысында күдіктінің пәтерге терезе арқылы кіріп, алтын бұйымдары мен ақшасын ұрлап кеткендігі белгілі болды. Ұрланған мүліктер күдіктінің үйінен дер кезінде тәркіленіп алынды.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Күдікті қамауда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлкіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерін мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.