Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үйден миллион теңге ақша ұрланды

Түркістан облысының полицейлері миллион теңге ақша мен бағалы заттарды ұрлап кеткен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне қала тұрғындарының бірі кешке белгісіз адамдар үйіне кіріп, ақша, алтын бұйымдар мен басқа да бағалы заттарды ұрлап кеткені туралы хабар берген.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеген.

Жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен миллионға жуық теңгені құрады.

Ұрлықты ашу мақсатында қалалық полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс болған жерді мұқият тексеріп, куәгерлермен сұхбаттасып, бейнебақылау камераларын тексеріп, жақын маңдағы барлық көшелер мен аулаларды аралап шықты.

Екі тәуліктен кейін жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері ұрының ізіне түсіп, күдіктіні ұстады. Ол Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне ашық терезе арқылы кіріп, сол жерден құнды заттар мен ақшаны ұрлап кеткен. Содан кейін күдікті алтын бұйымдары сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған, қарыздарын төлеген.

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер ретінде ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды. Күдікті қамауда. Тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға қырағы болуға және үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Пәтер ұрлығын болдырмау үшін үйлер мен пәтерлерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылы орнатылуы керек. Сондай-ақ, терезелерге темір торларды, ал есіктерге сенімді құлыптарды қою керек. Егер сіз ұрлықтың және басқа қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру