Пәтердің уақытша «иесі» үйден теледидарды ұрлап кетті
Қызылордада уақытша жалға алған пәтерден қымбат теледидар ұрлаған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыдан екі күн бұрын Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғынынан арыз түсті. 60 жастағы әйел өзінің арызында жалға берген пәтерінде уақытша тұрып жатқан азаматтың үй ішіндегі қымбат теледидарын ұрлап кеткендігін көрсеткен.
Пәтер иесі жалдаушы азаматпен бетпе-бет сөйлесіп, үйін тексеруге келгенінде оның пәтерден «Sony» маркалы теледидарын ұрлап кеткендігін көрген. Болған ұрлық жөнінде дереу полицияға хабарласқан әйел тәртіп сақшыларына мән-жайды айтып берді. Пәтер иесіне 250 мың теңге көлемінде шығын келтірілді.
Пәтердің ақысын уақытылы төлеп, үйді таза ұстаймын деп уәде берген азамат көп ұзамай ұсталды.
Қазіргі уақытта сенімге кіріп, ұрлық жасаған 28 жастағы қызылордалық азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Соңғы уақытта осы тектес деректердің жиілегенін ескеріп, Қызылорда облысының Полиция департаменті жалға беру шарттарын міндетті түрде заңдастыруға кеңес береді.
Қос тараптың жеке басын куәландыратын құжаттар арқылы келісім-шарттың мерзімі, оны бұзудың негіздері және шартты орындауға қатысты материалдық жауапкершілікті қарастырған жөн.