Павлодар колониясында журналистерге арналған пресс-тур өтті
БАҚ өкілдері үшін ҚР ІІМ ҚАЖК № 45 қауіпсіздігі орташа мекемесінде пресс-тур өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теледидар мен баспа басылымдарының өкілдері мекемені аралап, сотталғандардың өмірімен танысуға барды.
– ҚАЖД қызметін ақпараттық қостау жоспары аясында журналистер шақырылды. БАҚ өкілдеріне мекеменің асханасы, жатақханасы, релаксация бөлмесі, тәрбие жұмысы жайлары мен өндірістік аймағы көрсетілді. Сондай-ақ сотталғандардың өздерімен әңгімелесіп, сұрақтар қоюға мүмкіндік алды, – деді Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз хатшысы Гульжана Абдугалиева.
Мекеме бастығы Куаныш Койчубаев колонияның тарихы мен ҚАЖ қызметкерлерінің жұмысы туралы әңгімеледі.
– Мекемеде 600-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу аясында колонияның барлық жерінде камералар орнатылған. Бұл арнайы контингенттің заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді, – дейді мекеме бастығы.