Павлодар облыстық ПД-да ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Павлодар облыстық ПД-да ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына биыл 35 жыл толды. 22 мыңнан астам қазақстандық азамат осы соғыстан өтті, оның 928-і қаза тапты. Сол жақтан 36 азамат Павлодар облысына оралмады, олардың есімі ел есінде мәңгі қалады.
Отан алдындағы халықаралық борышын абыроймен атқарған көптеген ауғандық жауынгер ішкі істер органдарында қызметін жалғастырды.
Бүгін Павлодар облыстық полиция департаментінде Отанға деген адалдықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлерге құрмет көрсетілді.
– Мұндай кездесулер өте маңызды және бағалы. Біздің ардагерлеріміздің адалдығы мен батылдығы жас қызметкерлер үшін патриотизмнің нағыз үлгісі саналады. Павлодар полициясы қатарында әр жылдары 12 ауған жауынгері қызмет атқарды: Майкотов Байғабыл, Мұстафин Оразбай, Жүнісов Мұратбек, Кенесбаев Абылай, Шахаев Нұржан, Садетов Құнанбай, Айғыров Владимир, Кәрімов Серік, Қабдуов Талғат, Сейталин Серік, Мұқажанов Қанапия және Захарчук Александр, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Данияр Бек.
Қонақтарға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеген Данияр Бек ардагерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Ардагерлер кеңесінің және Ұлттық ұланның төрағасы Бақберді Абраев ардагерлерге зор рух, сарқылмас қуат және ұзақ өмір тілеп, алғысын білдірді.
Өз кезегінде, Павлодар облысы бойынша Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қорының басшысы Байғабыл Майкотов әріптестеріне кездесу үшін алғыс айтып, ауған ардагерлері әрдайым қатарда, тіпті лайықты демалыста бола отырып, облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысатынын атап өтті. Жиын полиция қызметкерлерінің концертімен жалғасты.