Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы ПД-да ардагерге құрмет көрсетілді

Павлодар облысы полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагері Шаймаруар Шапенов  70 жасқа толған мерейтойымен салтанатты түрде құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шаймаруар Шапенов – тәртіп сақшылары арасында беделді де, жан-жақты тұлға. Ол 1981 жылы ішкі істер органдарындағы қызметін бастап, бүкіл кәсіби өмірін жедел қызметке арнады. Уақыт өте келе түрлі лауазымдарда абыроймен еңбек етіп, қарапайым жедел уәкілден Павлодар қалалық ІІБ бастығының орынбасарына дейінгі қызметтік жолдан өтті. Өзінің мол тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі арқылы талай қылмыстың ашылуына тікелей атсалысты. Ол полиция қызметкерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеген білікті басшы, полиция ардагерлері мен әріптестері арасында зор құрметке ие жан. Аймақтық полиция қызметінің дамуына қосқан үлесі де ерекше.

2005 жылы  Шаймаруар Шапенов құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.

— Мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Елге сіңірген адал еңбегіңіз үшін, қызметтік борышты қалтқысыз атқарғаныңыз үшін алғысымыз шексіз. Сіз Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етіп, қажет тұста тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еттіңіз. Бүгінде сіздің мол тәжірибеңіз бен біліміңіз жас мамандар үшін таптырмас құнды ресурс. Олар күрделі мәселелерді тиімді шешу жолында сіздің кеңестеріңізге сүйенеді, — деді Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.

та мерейтой иесінің ішкі істер органдарынан зейнетке шыққаннан кейін де заң мен әділдікті қорғауды жалғастырып келе жатқан жарқын үлгі екенін атап өтті.

Мерейтой иесі өзіне көрсетілген құрметке шынайы ризашылығын білдіріп, жастық шақтағы естеліктерімен бөлісті. Ол қазіргі таңда полиция қызметіне қатысты жаңалықтарды қалт жібермей бақылап отыратынын жеткізді.

Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр сондай-ақ  Талғат Арыновты да зейнеткерлікке шығуымен салтанатты түрде құттықтады.

— Сіз – өз ісіне шын берілген жансыз. Полиция қатарында атқарған ұзақ жылғы қызметіңіз – табандылық пен адалдықтың жарқын көрінісі. Сіздің кәсібіңізге деген сүйіспеншілігіңіз, жауапкершілігіңіз әріптестеріңізге әрдайым үлгі болды. Алда қойған мақсаттарыңызға жету жолындағы талпынысыңыз да ерекше бағалауға лайық, — деді департамент басшысы.

Ол сондай-ақ ардагерге зор денсаулық, қажымас қайрат, жаңа бастамалар мен шабыт тіледі.

Талғат Арынов тергеу саласына бүкіл өмірін арнап, білімін, күш-жігерін қылмыспен күреске жұмсады. Логикалық ойлау қабілеті мен қағидатшылдығының арқасында Павлодар қаласының Оңтүстік ІІО, Ақсу қалалық ПБ, Екібастұз қалалық ПБ және ПД тергеу басқармасы сынды бірқатар бөлімшелерге жетекшілік етті. 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Биыл ол да құрметті еңбек демалысына шықты.

32 жылдық қызмет жолында ол көптеген әріптестері үшін кәсібилік пен адалдықтың үлгісіне айналды. Өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарды тәрбиелеуде аянбай еңбек етті.

— Әріптестерімнің мені ұмытпағаны – мен үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Құрмет пен қолдау білдіргендеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да департаменттің қоғамдық өміріне белсене атсалысып, жас мамандарға кеңес беруді, ел тыныштығын күзеткен полиция қызметкерлерінің ізгі жолын жалғастыруды өз борышым деп санаймын, — деді Талғат Арынов.

Ертіс өңірінің тәртіп сақшылары қос ардагерге зор денсаулық, сарқылмас қуат пен биік рух тіледі.

Іс-шара соңында полиция департаменті басшылығы мен Ардагерлер кеңесі ардагерлерге құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру