Павлодар облысы ПД жанынан тәлімгерлер кеңесі құрылды
Павлодар облысы ПД жанынан тәлімгерлер кеңесі құрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша облыстық полиция ведомствосында тәлімгерлер кеңесін құру бойынша кеңес өткізілді. Іс-шараға департамент басқармаларының басшылары мен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының мүшелері қатысты.
– Бұл кеңестің негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби-адамгершілік, патриоттық тәрбиесін арттыру. Ардагерлердің тәлімгерлігі-жас ұрпақтың рухани қалыптасуының қозғаушы күші. Дәл осы қиын уақытта ұрпақтар сабақтастығын сақтау өте маңызды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Данияр Бек.
Кездесу қорытындысы бойынша тәлімгерлер кеңесі құрылып, оның құрамы бекітілді. Осыған ұқсас кеңестер барлық аумақтық бөлімшелерде құрылған. Бірауыздан дауыс беру арқылы Данияр Бек кеңес төрағасы, оның орынбасары ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев сайланды. Кеңес мүшелері болып ішкі істер органдарының еңбек сіңірген зейнеткерлері Ерғанат Дүйсекенов, Баян Мағзұмова, Владимир Вязнюк, Қасен Истаев, Азат Сейлханов сайланды.
Сондай-ақ кеңес құрамына департаменттің дербес басқармаларының басшылары: Берік Оралов – тергеу басқармасы, Қуаныш Мұстафинов – жергілікті полиция қызметі, Балғабай Қапаров – криминалдық полиция және Гүлзада Жетібаева-тәрбие және кадр жұмысы басқармасы кірді.
Ведомство ардагерлердің тәжірибесі мен даналығы жас офицерлерге кәсіби дағдыларды қалыптастыруға және оларды патриоттық тәрбиелеуге көмектесетініне сенімді.