Павлодар облысында абаттандыру ережелерін бұзған азамат жауапқа тартылды
Павлодар облысында абаттандыру ережелерін бұзған азамат жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалар мен ауылдардағы тазалық әр тұрғынға байланысты. Қарапайым ережелерді сақтамау үйлердің аулаларында, қоғамдық орындарда қатты тұрмыстық және коммуналдық қалдықтардың заңсыз жиналуына, кәріз люктерінің бітелуіне әкеледі. Абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу және анықтау мақсатында полицейлер рейдтер жүргізеді, азаматтардан, ПИК өкілдерінен де жиі хабарламалар келіп түседі.
– Мәселен, полицияға облыс орталығының тұрғыны абаттандыру ережелерінің бұзылғаны туралы хабарлады. Бұл факті Жамбыл – Теплов көшелерінің қиылысында болған, Зил ассенизаторлық машинаның жүргізушісі кір суды төгіп, абаттандыру ережелерін бұзды.
Жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Павлодар өңірінде абаттандыруды бұзудың 6565 фактісі анықталды. Полицейлер облыстағы тазалық пен тәртіпті сақтау әр тұрғынға байланысты екенін еске салады.