Павлодар облысында алимент төлемеген әке жазаланады
Павлодар облысында алимент төлемегені үшін вотқа дейінгі тергеу басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ата-анасы ажырасқан болса да, әр ата-ана балаларын кәмелетке толғанға дейін асырау міндетті. Бірақ соттың шешімдеріне қарамастан, кейбір жосықсыз азаматтар әлі де кәмелетке толмаған балаларына тиісті ақшаны төлемейді.
Павлодар облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы алимент төлемегені үшін 315 адам іздеуде болса, оның ішінде 248 адамның мекенжайы анықталды.
Ер адам алимент төлеу қажеттілігі туралы бірнеше рет хабарламаларға, жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарға, сондай-ақ сот шешімі орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ескертулерге қарамастан, 13 жасар ұлына алимент төлеуден жалтаруды жалғастырған.
Ол үшін облыс тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бірақ ер адам бір рет қана 20 000 теңге төлеген. Жалпы алғанда еңбекке қабілетті борышкердің кәмелетке толмаған балаға алимент төлеуден қасақана жалтаруы салдарынан берешек мөлшері шамамен 4,5 млн.теңгені құрады.
Қазіргі уақытта борышкер әкеге қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.