Павлодар облысында автокран жүргізушісі көлік басқара алмай, кюветке аударылған
Павлодар облысында автокран жүргізушісі көлік басқара алмай, кюветке аударылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалың қар жауған кезде көлік құралдарының қауіпсіз және кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында қала сыртындағы автожолдарда патрульдеу күшейтілді. Күн сайын автожолдар мен жол құрылыстарын тексеру жүргізіледі, сондай-ақ қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін жедел шаралар қабылданады.
– Тек екі күн ішінде 26 тексеру жүргізілді, нәтижесінде ақауларды жоюға 28 ұйғарым берілді, қардан уақтылы тазаламағаны және көктайғақ құбылыстарының пайда болғаны үшін бес лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 150 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Жол-техникалық инспекциясының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Мақашев.
Мысалы, 25 қарашада Заңғар ауылы маңындағы Павлодар-Успенка-Ресей Федерациясының шекарасы автожолында автокран жүргізушісі көлікті басқара алмай, кюветке аударылған. Оқиғаның себебі – көктайғақтың пайда болуы. Аталған факті бойынша мердігер ұйымға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.