Павлодар облысында белгіленбеген жерден өткен жаяу жүргіншілер жауапқа тартылды
Павлодар облысында белгіленбеген жерден өткен жаяу жүргіншілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жолдың жүру бөлігін республикалық маңызы бар трассаларда белгіленбеген жерден өткен 314 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды.
– Тағы бір бұзушылық Қаламан кентіндегі Павлодар Қызылорда автожолында орын алды. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтуге ерінген ер адам жолды белгіленбеген жерден кесіп өтті. Бұл бұзушылық полиция қызметкерлерінің бейнетіркегішінде тіркелген. Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жауапқа тартылды. Айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әділет Мерғазин.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар облыстың автожолдарында 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 11 адам қаза тауып, төрт адам жарақат алған.
Қайғылы оқиғаның себептерінің бірі – жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтамауы.
Мәселен, 19 желтоқсанда сағат 19:05-те Павлодар-Қызылорда автожолының 74 шақырымында автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды.
Жыл басынан бері Павлодар өңірінің 123 000-нан астам тұрғыны жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.