Павлодар облысында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 29 қылмыстың жолы кесілді
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Қарасора – 2023» республикалық жедел-профилактикалық операциясы барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 29 қылмыстың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Қарасора – 2023» республикалық жедел-профилактикалық операциясының аралық қорытындысын шығарды, ол өсімдік тектес есірткілердің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға, сондай-ақ жабайы өсетін қарасораны жоюға бағытталған.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 29 қылмыстың, оның ішінде 24 өткізу фактісінің жолын кесті. Сондай-ақ, құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсуінің 315 ошағы анықталды, жер пайдаланушылардың атына оларды жоюға ұйғарымдар шығарылды.
– Екібастұз қаласының 24 жастағы тұрғыны ораушы және есірткіні жасырушы болып жұмыс істей отырып, 2,3 келі гашиш пен 220 грамнан астам марихуананы сақтаған.
Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінде (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тексеру барысында полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 17 хаттама жасады, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 382 келі түрлі тыйым салынған заттар тәркіленді.
Ведомствоаралық кешенді жедел-профилактикалық операция аясындағы іс-шаралар жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 3-тармағына сәйкес құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар өсімдіктерді өсіруге және жинауға лицензиясы жоқ кез келген заңды тұлғалардың, осы өсімдіктер өсетін жер учаскелерінің иелері немесе пайдаланушылары болып табылатын азаматтар оларды жоюға міндетті.
Осы талаптарды бұзу жауапкершілікке әкеп соғады.
ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабына (Жабайы өсетін қарасораны жою жөнінде шаралар қолданбау) сәйкес жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.