Павлодар облысында мал жаю ережелерін бұзған тұрғындар жауапқа тартылды
Павлодар облысында мал жаю ережелерін бұзған тұрғындар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл шаруашылық жануарларының бақылаусыз жайылуы әлі де өзекті мәселе болып қала береді. Әсіресе, егер мал тас жолға шықса, онда ол мал ұрлаушылардың қылмыстық ниетінің объектісіне айналып қана қоймай, қауіпті жол-көлік оқиғаларын тудыруы мүмкін.
– Бірнеше күн бұрын патрульдеу барысында сағат 23.40-та Ефремовка ауылдық округінің маңында Павлодар – Успенка автожолының бойында полиция қызметкерлері бақташысыз жайылып жүрген 28 бас жылқыны байқады. Қаңғыбас жылқылар Ефремовка ауылының айып тұрағына айдалды, – деді Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.
Полиция қызметкерінің айтуынша, жылқы иесі бірден анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалып, 3 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар мал иесіне құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыным берілді. Осыған ұқсас фактіні полицейлер Жертұмсық ауылының маңында тіркеді, мұнда да жылқылар иесіз жүрді. Иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол да айыппұл төлеуге тиіс.
Полицейлер биылғы жылы осындай құқық бұзушылықтар үшін 3399 мал басының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Полиция департаменті ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын еске салады. Жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл осындай әрекет он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.