Павлодар облысында мас күйінде комбайн жүргізген тұрғын істі болды
Павлодар облысында мас күйінде комбайн жүргізген тұрғын істі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қазанда сағат 13:30 шамасында Ертіс ауданының Панфилов және Қосағаш ауылдары арасындағы жолдың жүру бөлігінің кедір-бұдырлығына қарамастан, жоғары жылдамдықпен келе жатқан «CLAAS» маркалы комбайнды учаскелік полиция инспекторы Серік Саталғанов назарына аударды.
– Жүргізушінің жағдайын тексеруге шешім қабылдап, учаскелік полиция қызметкері комбайнды тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің күрт иісі шыққан. Сонымен қатар ер адам ШҚ механизатор болып жұмыс істейтінін түсіндіріп, егістік алаңдарды шатастырғандықтан, қандай бағытқа бара жатқанын таба алмағын түсіндірді, – деді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.
Тәртіп сақшысы атап өткендей, медициналық куәландыру жүргізушінің орта дәрежедегі мас күйінде екендігін көрсетті.
Учаскелік полиция инспеторы Саталғанов комбайыншыға қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Ертіс аудандық сотының қаулысымен ер адам 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.