Павлодар облысында мұражай қызметкерлері сотталғандарға шығармашылық іс-шара ұйымдастырды
Павлодар облысы ҚАЖД-ға қарасты №46 мекемеде жазасын өтеушілерді Қаныш Сәтбаев пен Павел Васильевтің шығармашылығымен таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№46 мекемеге Павел Васильев мұражай үйінің қызметкерлері келді. Өзара іс-қимыл аясында тұтқындар үшін ақпараттық-танымдық сағат өткізілді.
Тұтқындарға Павлодар жерінде балалық және жастық шағы өткен ақынның шығармашылық өмірбаяны туралы айтылды.
– Шығармашылық іс-шарада сотталғандарға ақынның өлеңдері оқылды. Павлодар қаласы мен Ертіс туралы өлеңдер сотталғандардың ерекше қызығушылығын тудырды, – дейді мұражай өкілі Татьяна Корешкова.
Сондай-ақ, жазасын өтеп жатқан сотталғандарға Қаныш Сәтбаевтың «музыкалық мұра» материалы ұсынылды.
– Мұндай іс-шаралар сотталғандардың ой-өрісін кеңейтуге және оларды позитивті ойлауға бейімдеуге мүмкіндік береді. Тәрбие жұмысы аясында сотталғандармен іс-шаралар өткізу үшін азаматтық ұйымдармен меморандум жасалды, – деді мекеме бастығының орынбасары Нұрлан Баякенов.