Павлодар облысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыс 3%-ға төмендеді
Павлодар облысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыс 3%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының аумағында тұрмыс саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың 3%-ға төмендеуі тіркелді.
– 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жолдау жасады. Биылғы Жолдау саяси реформалардың жаңа бағдарламасын және таяу уақытта жүзеге асырылуы тиіс бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды іске асыруға арналды. Осылайша, Президент Бас прокуратураға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттігі туралы тапсырма берді. Әрине, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы ішкі істер органдары үшін де маңызды, – деп атап өтті Василий Скляр халық алдындағы есептік кездесуінде сөйлеген сөзінде.
Көбінесе, полицияға хабарласып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйел агрессорға қатысты мәлімдеме жасаудан және шаралар қабылдаудан бас тартады, ал кейбіреулері уақыт өткеннен кейін берген өтінішін қайтарып алады. Содан кейін оған қатысты да, оның балаларына қатысты да осындай құқық бұзушылықтар қайтадан қайталанады. Мұның бәрі психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің зорлық-зомбылық көрсеткен адамнан қорқатындығына байланысты.
Полиция азаматтардың әрбір өтінішіне жедел әрекет етуді жалғастыруда, бірде-бір құқық бұзушылық назардан тыс қалмайды.
Осылайша, полиция тұрмыстық салада екі мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Құқық бұзушылардың мінез-құлқына 654 ерекше талап белгіленді, оның ішінде 638 адамға қатысты алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салуға шектеу қойылды, алты мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылды, оларды бұзғаны үшін 615 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі күні полиция органдарында балаларды тәрбиелеуден жалтарған 318 ата-ана бар, олармен күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 546 ата-ана, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 3 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мұндай жұмыстың нәтижелері кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар санының 33%-ға төмендеуіне әсер етті.
Полиция үнемі «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп» және басқа да жедел алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Онда құқықтық тәртіп сақшылары әртүрлі құқық бұзушылықтарды және оларға бейім адамдарды анықтай отырып, пәтерлерді, аулаларды аралап шығады. Профилактикалық әңгімелер және көптеген қылмыстардың алдын алатын басқа да алдын-алу жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінгі таңда барлық оқу орындары бейнекамералармен жабдықталған, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ «Смарт-сити Павлодар» жобасы аясында орнатылған. Бұл камералар қашықтан қол жеткізу арқылы Жедел басқару орталығына қосылған. Күзет ұйымдарына, сондай-ақ полицияның аумақтық бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне, соның ішінде учаскелік полиция қызметкерлерінің планшеттері мен смартфондарына шығарылған дабыл батырмалары орнатылды. Бұл тәсіл аймақтағы қауіпсіздік пен тыныштықты жақсартуға көмектеседі, – деді Василий Скляр.