Павлодар облысында полицейлер мен педагогтер балалар қауіпсіздігі үшін күш біріктірді
Павлодар облысы Успен ауданында полицейлер мен педагогтер бірлескен жұмысты күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – отбасы, мектеп және құқық қорғау органдарының ортақ міндеті. Осы бағытта Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Успен ауданына барып, бірқатар жұмыс және профилактикалық кездесулер өткізді.
Сапар аясында жалпы білім беретін мектеп директорлары мен олардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен кездесу ұйымдастырылды. Онда білім беру ұйымдары мен ювеналды полиция қызметкерлері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Себебі баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, тиісті шара қабылдау құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекеттерден қорғау, буллинг пен бопсалауға жол бермеу, сондай-ақ оларды деструктивті ортаға тартудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Полицейлер профилактикалық жұмысты тек құқық бұзушылық жасалғаннан кейін жүргізумен шектелмей, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, алдын алу қажеттігін атап өтті.
– Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар шараны белгіледі. Олардың қатарында бірлескен рейдтер өткізу, құқықтық түсіндіру кездесулерін ұйымдастыру және ерекше назар аударуды қажет ететін отбасылармен жеке жұмыс жүргізу бар, – дейді Павлодар облысы ПД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісова.
Профилактикалық жұмыс аудан орталығымен шектелмеді. Полицейлер ауылдық елді мекендерге барып, ата-аналармен, педагогтермен және оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулерде қиын жағдайларға тап болған кезде әрекет ету жолдары түсіндіріліп, балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігі үшін ересектердің жауапкершілігі еске салынды. Сонымен қатар жасөспірімдерге өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берілді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай көшпелі кездесулер өңірдегі жағдайды зерделеуге, сондай-ақ полиция, мектеп және ата-аналар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – баршаның ортақ жауапкершілігі. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс өзара түсіністік пен бірлескен іс-қимылға тікелей байланысты.
