Павлодар облысында полицейлер жалған нөмір таққан жүргізушіні анықтады
Павлодар облысында полицейлер жалған нөмір таққан жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полицейлер Павлодар – Қызылорда автожолының 171-шақырымында Toyota Vellfire автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көлік иесінің өзіне тиесілі емес, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны анықталды.
– Аталған азамат автокөлікке тіркелмеген нөмір орнатқаны белгілі болды. Рөлде астананың 37 жастағы тұрғыны болған. Көлік айып тұрағына қойылды, жалған нөмірлік белгі тәркіленді. Көрінеу жалған нөмірді пайдаланғаны үшін жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Материал сотқа жолданып, қаулы бойынша жүргізуші бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деп атап өтті Павлодар облысының ПД қызметкері.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысының патрульдік полиция ротасы қызметкерлері жүргізушілердің жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін қолдануына қатысты 21 фактіні анықтады.
Полиция жалған нөмірлерді пайдаланудың – заңды өрескел бұзу екенін, ол үшін әкімшілік, ал кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.
