Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 9 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысында қоғамдық орындарда алкоголь ішіп немесе мас күйінде жүргені үшін 9 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл көрсеткіш қоғамдық тәртіпті сақтау жолында құқық қорғау органдарының жұмысы қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.
Алкоголь адам денсаулығына ғана емес, отбасылық және әлеуметтік байланыстарға да зиян келтіреді. Оның әсерінен жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай жоғары. Полиция қызметкерлері азаматтардың көшеде мас адамдарды байқап, дер кезінде хабар беруінің орынды екенін атап өтті. Себебі көптеген құқық бұзушылықтар дәл осы алкогольдің әсерінен орын алады.
— Биылғы жылы облыс аумағында мас күйінде жасалған 610 қылмыс тіркелді. Павлодар қаласының тұрғындары қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, аулада, кіреберісте, аялдамада және саябақтарда мас адамдар жүргені туралы 5822 рет 102 нөміріне қоңырау шалды. Бір тәулік ішінде осындай 36 хабарлама тіркелді, — деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Торайғыров көшесіндегі үй тұрғыны бесінші қабаттағы кіреберісте мас адамның жатқанын хабарлады. Сол секілді М. Жүсіп көшесіндегі үй маңынан тағы бір мас адам табылды. Полиция қызметкерлері бұл азаматтарды уақытша бейімделу және детоксикация орталығына жеткізіп, кейін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сол күні Академик Шоқин көшесінің тұрғындары кіреберістің жанында мас адамдар төбелескелі жатыр деп хабарлаған. Полицейлердің жедел келуі арқасында бұзақылықтың алдын алынды. Мас күйінде қоғамдық орында жүргендері үшін кінәлілер әкімшілік жазаға тартылды.
Қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйінде жүру үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынатынын, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін артатынын еске саламыз.
Азаматтар мас күйде жүргендер туралы 102 нөміріне немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады. Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі әрбір адамның белсенді қатысуына тәуелді.