Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында заңсыз айналымнан 78 қару алынды

Павлодар облысында заңсыз айналымнан 78 қару алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қару» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жұмыс топтарымен заңсыз сақталған қаруды анықтау бойынша 1 362 рейдтік іс-шара өткізілді. 953 шаруа қожалығы мен мал жайылым учаскелері тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша заңсыз айналымнан 78 бірлік қару алынды, оның ішінде: тегіс ұңғылы – 44 оның 10-ы кесінді, төрт ойық ұңғылы, электрлік – 13, газды – 15,  екі травматикалық, сондай-ақ төрт граната және 523 дана жарылғыш заттар.

Тіркелмеген қаруды сақтау және алып жүру фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша 62 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары қару айналымы саласында 115 заңды тұлға мен Екібастұз және Павлодар қалаларындағы екі мамандандырылған дүкенді тексерді.

Жіберілген бұзушылықтар үшін жеті басшы жауапкершілікке тартылды. Павлодар өңірінде тұрғылықты жері бойынша барлығы 9 534 жеке қару иесі тексерілді.

– Айта кету керек, барлық қару иесі ережелерді қатаң сақтамаған. Тексеру нәтижелері бойынша 353 бұзушылық анықталды, оның ішінде азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын тұрғындардың бұзуы туралы 267 факті ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 86 қару иесі азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу, қайта тіркеу мерзімі мен тәртібін немесе есепке қою тәртібін бұзған. Әрқайсысына қатысты ҚР ӘҚБК-нің 486-бабы (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік материал жасалды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Аталған бұзушылықтарға жол берген тіркелген қару иелерінен 398 бірлік қару тәркіленді. Сонымен қатар, бұзушы қару иелері мамандандырылған оқу орталықтарына қайта даярлауға жіберілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру