Павлодар облысында заңсыз алкоголь сату фактісі тіркелді
Павлодар облысында заңсыз алкоголь сату фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері алкоголь өнімін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзудың 145 фактісі анықталды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 8 мыңнан астам азамат алкогольді ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Екібастұз қаласының учаскелік полиция инспекторлары сағат 22.00-ден кейін қала дүкендерінің бірінде алкогольді заңсыз сату фактісін анықтады. Дүкен сатушысы алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан кейін сатты.
Осы факті бойынша дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы(Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
– Дүкендердің бірінде алкоголь өнімдерін рұқсат құжаттарынсыз, яғни лицензиясыз сату фактісі анықталды. 60 жастағы жеке кәсіпкер қала тұрғынына сағат 21.00-ден кейін 0.2 литр көлемінде бір бөтелке арақ сатты. Кәсіпкер алкоголь өнімдерін сөре сыртында сақтаған. Дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды)жүзеге асыру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Анықталғандай, кәсіпкер алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан 2018 жылы айырылған. Әкімшілік материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабын бұзғаны үшін алкоголь өнімін сату жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзған жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК мөлшерінде лицензияның қолданылуын тоқтата тұра айыппұл салуға әкеп соғатынын еске салады.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабын бұзғаны үшін кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ тіркеусіз, рұқсатсыз әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру, сол сияқты, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, хабарламаны тіркеу, рұқсат беру, жіберу міндетті болған жағдайларда хабарламаны жібермеу, жеке тұлғаларға – 15, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшерінде, әкімшілік құқық бұзушылық жасау заттары және (немесе) құралдары тәркіленіп не онсыз айыппұл салуға әкеп соғады.