Павлодар облысында жанжал кезінде әйелін өртеп жіберген ер адам қамауға алынды
Павлодар облысында жанжал кезінде әйелін өртеп жіберген ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар ауданының полициясына аудандағы ауылдың бірінде ер адам әйелін өртеп жібергені туралы қоңырау түскен болатын.
– Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 2021 жылғы 8 тамызда сағат 02.00 шамасында ерлі-зайыптылар арасында ауызша жанжал болғанын анықтады, онда күйеуі мас күйінде өз көлігімен кетуге тырысқан, ал әйелі оған тыйым салған. Жанжал барысында ер адам тоңазытқыштан спирт алып, оны жұбайына шашып, кейін оттықпен тұтатып, жағып жіберген, – деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Полиция зардап шеккен әйелдің күйікпен Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылғанын атап өтті. Аталған факті бойынша полиция Қазақстан Республикасы ҚК 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
– Өкінішке орай, 2021 жылғы 17 тамызда жәбірленуші алған жарақаттарынан қайтыс болды. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігіне қайта сараланды. Күдікті УҰИ-ға қамалды, – деді Жасқайрат Қайыров.