Павлодар облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші ұсталды
Павлодар облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске сала кетейік, 16 тамызда белгіленбеген уақытта «Ленин – Курчатов» автожолының 119 шақырымында, Май ауданы Малайсары ауылдық округінің Ақсарай бөлімшесінен 2 шақырым жерде белгісіз жүргізуші белгісіз автокөлікпен Май ауданының тұрғыны – шаруа қожалықтарының бірінің 21 жастағы жұмысшысын қағып кеткен болатын. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
– Осы ЖКО жасаған және оқиға орнынан жасырынған автокөлікті іздестіру жөніндегі топ дереу құрылды. Оқиға орнынан көліктің фрагменттері мен іздері тәркіленді. Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралармен 31 жастағы ауыл тұрғынын ұстады. Автокөлік айыптұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғасы және ЖКО орнын қалдыру фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабының 3-тармағы және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті зертханалық зерттеулер мен сараптамалар тағайындалды, тергеу шаралары жүргізілуде, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Жол-көлік оқиғасы 16 тамаз күні сағат 02.30-да 119 км «Ленин-Курчатов» автожолында жүргізушісі Toyota Camry автокөлігін басқарып, жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткені анықталды.