Павлодар облысының жолдарында 4 мыңнан астам ақау анықталды
Павлодар облысының жолдарында төрт мыңнан астам ақау анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ЖКО-ның алдын алу мақсатында облыстың автомобиль жолдарының, жол құрылыстары мен жол жүрісін реттейтін техникалық құралдарының пайдаланылу жай-күйіне тексеру жүргізуде.
– Өткен жылы 35 мың шақырымды қамтитын жалпы қолданыстағы автожолдарға 1 300 тексеру жүргізілді, оның барысында 4 489 ақау анықталды. Зерттеу қорытындысы бойынша осы кемшіліктерді жоюға 1 305 ұйғарым берілді. Жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстап, жолдарда жұмыс жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 250 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 21-і-жергілікті атқарушы органдардың басшылары, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің жол-техникалық инспекциясының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Мақашев.
Ол мысал ретінде, зерттеу нәтижелері бойынша, департаменттің ұсыныстары негізінде Айманов, Аймауытов көшелерінде қозғалысты ұйымдастыру өзгертіліп, онда жүру бөлігін кеңейтумен және тиісті жол белгілерін орнатумен екі жақты қозғалыс енгізілгенін атап өтті. Департаменттің ұйғарымы бойынша Катаев көшесі бойынша №17 ЖОМ-ға қарама-қарсы және Малайсары батыр көшесі бойынша №43 ЖОМ-ға қарама-қарсы бағдаршам объектілері орнатылды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшысы аталған шешімдерді іске асыру жаяу жүргіншілердің, әсіресе, балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік бергенін, сондай-ақ халық тарапынан оң жауап тапқанын атап өтті.
Бауыржан Мақашевтің айтуынша, ағымдағы жылы облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері жаңа жол белгілерін орнатып, қолданыстағы тозғандарын ауыстыру үшін қаражат бөлінген. Сондай-ақ, көлік және жаяу жүргіншілер ағындарының жоғары қарқындылығы байқалатын қиылыстарда бағдаршамдық реттеуді енгізу, сондай-ақ реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерін реттелетін разрядқа кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарлануда.
Республикалық маңызы бар автожолдарға келетін болсақ, Астана-Ерейментау-Шідерті автожолының 0-24 шақырымы, Павлодар-Семей автожолының 422-432 шақырымы қайта жаңартылуда, ал Қалқаман-Баянауыл автожолының 100-105 шақырымында қолданыстағы су өткізу құбырларының орнына көпір өткелдерінің құрылысы жүріп жатыр.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен ЖКО шоғырланған жерлерде, Қызылорда-Павлодар Республикалық маңызы бар автожолының 74-75 км (Қалқаман кентінің жанындағы қоғамдық тамақтану пункттерінің жанында) ЖКО алдын алу мақсатында жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерде жүріс бөлігіне шығуын болдырмау үшін ұзындығы 800 метрге жуық осьтік қиғаш қазықта биіктігі 1,2 метр тор орнатылды.
Қала сыртындағы жолдарда авариялық-қауіпті учаскелерде Шу жолақтары, Малдың жүріс бөлігіне шығуының алдын алу үшін қоршаулар, сондай-ақ жолдың қауіпті учаскелері туралы жүргізушілерді ескертетін ақпараттық мазмұндағы қалқандар орнатылған. Қар басып қалатын учаскелерде қар тоқтататын қалқандар орнатылып, қардың тоқтауына ықпал ететін қиғаш білеулер орнатылған.
– Мысалы, Павлодар-Семей бағытындағы автожолды тексеру барысында мынадай кемшіліктер анықталды – Ямышев ауылынан ШҚО шекарасына дейін жолдың жүру бөлігінің бүкіл еніне мұз қатуы пайда болады екен, қызмет көрсететін мердігер ұйым автомобиль жолын көктайғақтан тазарту, сондай-ақ қысқы күтіп ұстау кезінде өңдеу бойынша директивтік мерзімдерді сақтамаған, бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсер етеді. Осы бұзушылықтар үшін жолдың аталмыш учаскесіне қызмет көрсетуге жауапты ұйым ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-бөлігі бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салына отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті аға инспектор.
Полицейдің айтуынша, жолдың қанағаттанарлықсыз жағдайы – ауыр зардаптар арқалаған жол-көлік оқиғасының себебі болып үлгерген.
18 қаңтарда көрсетілген автожолда Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі көктайғақ жағдайында көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, қарсы бағытта келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жатқызылды.
Полиция жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де ауа райы нашарлаған кезде жолдарда өте мұқият болуға, елді мекендерден тыс жерлерге шығудан шектелуге шақырады.