Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар және Ақмола облыстарының жастары есірткіге қарсы телемостта бас қосты

Павлодар және Ақмола облыстарының жастары есірткіге қарсы телемостта бас қосты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскелең ұрпақтың бойында есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру және заңсыз айналыммен күрес саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Павлодар және Ақмола облыстарының жастары қатысқан есірткіге қарсы телемост өтті.

Іс-шара есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылды. Онлайн-кездесуге колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, құқық қорғау органдарының өкілдері, медицина мамандары, психологтар және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.

Кездесу барысында сарапшылар есірткіні тұтыну мен таратудың зиянды салдары, сондай-ақ осы саладағы қылмыстар үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ақпарат берді.

Телемостқа қатысушылар нашақорлықтың алдын алу мәселесін талқылап, өз пікірлерімен бөлісті. Студенттер салауатты өмір салтын ұстану, қатарластарын деструктивті топтардың ықпалынан қорғау жолдары бойынша сұрақтар қойып, тәжірибе алмасты.

Павлодар облысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға инспекторы Ирина Тимиргалиева жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, қатысушылар есірткінің алдын алу жұмыстары аясында интерактивті іс-шаралар өткізу, тақырыптық флешмобтар ұйымдастыру және әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Аталған телемост жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру