Павлодарда дүкенге шабуыл жасаған күдікті құрықталды
Павлодар облысында дүкен сатушысын қорқытып, 120 000 теңгені заңсыз иемденген күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Павлодар облысы Полиция департаментінің жедел қызметкерлері қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
1 наурыз күні Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде белгісіз біреу сатушыны қорқыту арқылы оның 120 000 теңге ақшасын иемденген. Бұл факт бойынша полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізді. Қарқынды жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыс бір сағат ішінде ашылды.
Жедел уәкілдер осы қылмысты жасады деген күдікпен Павлодар облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады, ол бұрын сотталмаған. Қолды болған ақша тәркіленді.
Сонымен қатар, аталған азаматтың сол күні Кенжекөл ауылындағы «Керемет» дүкенінде орын алған осындай қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды, онда ол күш қолдану арқылы ақша ұрлауға тырысқан.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 192-бабымен (Қарақшылық) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.