Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО тұрғыны ұрлаған мүйіздерін Алматыда сатпақ болған

Өткен жылдың соңында Зайсан ауданында ұрланған 230 келіден астам маралдың мүйізін Алматы қаласында сатпақ болған Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұрлық өткен жылдың желтоқсан айының ортасында орын алған. Зайсан ауданы полиция бөлімінің “102” пультіне Зайсан қаласында орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің 62 жастағы күзетшісінен Қызыл кітапқа енгізілген жануардың мүйіздерін ұрлау фактісі бойынша хабарлама түскен.

Тексеру барысында түнде белгісіз біреудің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағына кіріп, контейнердің аспалы құлыбын бұзып, ішінде жалпы салмағы 236 келіден асатын маралдың мүйіздері салынған қораптарды ұрлап кеткені анықталды. Келтірілген шығын 20 миллион теңгеден асады, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Биылғы жылдың ақпан айында осы қылмысты жасауға күдікті Алматы қаласында ұсталды. Ол Зайсан ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Ұстау барысында ер адам ұрланған заттардан құтылмақ болып, оларды жолдың бойына лақтырып кеткен.

Қазіргі уақытта айғақ заттар тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру