Павлодарда есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан құмар ойыншы ұсталды
Павлодар полицейлері есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан 19 жастағы қала тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарлық жас жігіт заңды не үшін аттап өткендігін айтып берді.
2023 жылдың маусымынан бастап ол жұмыс іздей бастаған. Өйткені соңғы бір жыл ішінде онлайн бәс тігумен айналысқан. Хоббиі тәуелділікке айналып, жігіт қарызға батып кеткен.
Жұмыс іздеп жүрген жас жігіт, оған оңай табыс ұсынған бір сайтты тауып алады. Осылайша, павлодарлық есірткіні жасырын қойып кетушіге айналды.
– Ер адамды полиция қызметкерлері қаптамаларды сатуға тырысқанда ұстады. Күдіктіні тексеру кезінде күртешенің қалтасынан 18 грамнан астам психотроптық зат тәркіленді. Есірткі қылмысы үшін ер адам сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары жеңіл ақша табуға деген ұмтылыс көбінесе жастарды сотталуға алып барады деп ескертеді.