Павлодарда грэпплингтен өткен ашық турнирге полиция қызметкерлері қатысты
Павлодарда грэпплингтен өткен ашық турнирге полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнирге еліміздің бірнеше облыстарының өкілдері қатысты, қатысушылардың арасында чемпиондар, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, соның ішінде әлем чемпионатының жүлдегерлері болды.
Әсерлі ойын нәтижесінде 77 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға Павлодар қалалық ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Нуриман Валеев чемпион атанды. Валеевтің айтуынша, ол бала кезінен спортқа құмар. Бүгінде ол бразилиялық джиу-джитсудан күлгін белбеу иегері, 20-дан астам жарысқа қатысқан, 18 алтын және күміс медалі бар.
– Грэпплинг – ММА-дің негізі және өте кең таралған спорт түрі. Менің балаларым 13 жастағы қызым Дария мен 4 жасар ұлым Марсель де осы спорт түрімен айналысады. Бүгінде Дария Қазақстан чемпионы және 2013 жылы Абу-Дабиде өткен турнирде әлем чемпионы атанды, бразилиялық джиу-джитсудан сұр белбеу иегері. Мен балаларыммен мақтанамын. Осы спорт түрі біздің құрылымымызда да қолданылғанын қалаймын, – дейді Нуриман Валеев.