Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері жалғызбасты әкеге қайырымдылық жасады

Абай облысының ҚАЖД қызметкерлері Қайырымдылық күні жалғызбасты әкенің жағдайын білуге барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес 15 наурыз – Қайырымдылық күні болып бекітілді. Бұл күні қызметкерлер 6 жылдан бері үш кішкентай баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкенің жағдайын білуге барды.

Отбасының анасы кенже баласы алты айлық кезінде ауыр сырқаттан қайтыс болған. Содан бері бала күтімі әкенің мойнына артылған. Үлкен қызы жақында тоғыз жасқа, екі ұлының бірі жеті, екіншісі алты жасқа толады. Ал соңғы бес жылдан бері №19 мекеме қызметкерлері бұл отбасыға қол ұшын созып келеді.

– Біз олардың анасын алмастыра алмаймыз, дегенмен қолымыздан келетіні балаларға жылулық пен қамқорлық таныту. Бұл отбасы туралы бес жыл бұрын білдік және әрбір мереке, мейлі жаңа жыл, мейлі балалардың туған күні, мейлі алғашқы қоңырау болсын, оларға баруға тырысамыз. 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн бүкіл ел бойынша қайырымдылық, мейірімділік жасауға арналған. Осы күнді пайдаланып, бұл отбасыға барудың тағы бір себебін таптық. Бізді көріп қуанған балалар әдеттегідей сыйлықтар мен бұйымдарды алып, оқудағы жетістіктерімен бөлісті, – дейді кадр саясаты бөлімінің бастығы Дидар Жұмаханова.

– Осы уақыт ішінде мекеме қызметкерлері бізге келіп, ертеңгі күнге деген сенімімді арттыруға көмектесті, материалдық және моральдық жағынан көмектесті. Балаларым оларды көргенде қуанады, әр кездесуді асыға күтеді, – дейді үш баланың әкесі Дулат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру