Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда ІІМ-нің қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты басталды

Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ел чемпионатына республиканың әр өңірінен келген 26 команда қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды. Жарыстың негізгі жекпе-жектері 28-29 қазанда өтеді.

27 қазанда Спортты дамыту дирекциясының базасында өткен чемпионаттың алғашқы күні мандаттық комиссияның отырысы ұйымдастырылды. Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейсовтің төрағалығымен өткен отырыста қатысушылардың құжаттары қаралып, спортшыларды салмақ дәрежелері бойынша өлшеу рәсімі өткізілді.

Бұған дейін еліміздің барлық өңірінде іріктеу кезеңдері өтіп, чемпионатқа қатысатын облыстық құрама командалар жасақталған болатын.

– Қоян-қолтық ұрыс – полиция қызметкерлерінің кәсіби және жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған қолданбалы спорт түрі. Оның әдіс-тәсілдерін меңгеру қызмет барысында ерекше маңызға ие. Бұл – күшті, ептілікті және төзімділікті шыңдайтын тәртіп мектебі. Жауынгерлік дағдылар мен психологиялық тұрақтылық қызметкерлерге күтпеген жағдайларда дұрыс шешім қабылдап, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді. Барлық қатысушыларға жоғары шеберлік пен әділ бәсеке тілеймін. Ең мықтылар жеңіске жетсін! – деді Қазақстан Республикасы ІІМ өкілі Фархат Мұратұлы.

Жекпе-жектер күн сайын сағат 09:00-де басталады. Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары жарыс өтетін спорт кешеніне еркін келіп, спортшыларға қолдау көрсетіп, тартысты бәсекелерді тамашалай алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру