Павлодарда кәмелетке толмаған бала мас күйде мотоцикл басқарған
Павлодарда кәмелетке толмаған бала мас күйде мотоцикл басқарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 тамызда сағат 05.40-та Павлодар қаласының Естай көшесінде шлемсіз мотоцикл жүргізген жастар тоқтатылды. Мотоцикл жүргізушісі Абай көшесінде орналасқан түнгі клубтан шығып, қыдырып жүргендерін айтқан.
Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің әлі 18 жасқа толмағаны және оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды, сонымен қатар жігіттен алкоголь иісі шығып тұрған. Істің барлық мән-жайларын анықтау үшін, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамды медициналық тексеруден өткізу үшін полиция бөліміне жасөспірімнің анасы шақырылды. Ол ұлының уақытын қайда өткізетіні туралы ескертпегендігін айтты.
– Медициналық куәландыру жүргізушінің мас екенін растады. Кәмелетке толмаған адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабының 8-бөлімі, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК 593-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушіге қатысты жасалған құқық бұзушылықтар үшін сот 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін баланың анасы ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.