Павлодарда мас жүргізушілер көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды
Павлодарда мас жүргізушілер көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Екібастұз қаласында 2021 жылғы 24 мамырда сағат 18:45 шамасында Б. Момышұлы көшесі бойынша полицейлер 48 жастағы жүргізушінің басқаруымен Volkswagen Passat маркалы көлік құралын тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Медициналық сараптама жүргізушінің мас күйде екенін көрсетті, – деді Екібастұз қаласының жергілікті полиция қызметінің бастығы Төлеген Құдайбергенов.
2021 жылғы 25 мамырда сағат 07:50 шамасында Торайғыров көшесі, 25 үйдің ауласында патрульдеу кезінде полицейлер 42 жастағы жүргізушінің басқаруымен Toyota Corolla маркалы көлігін тоқтатқан. Медициналық сараптама нәтижесінде жүргізуші көлікті есірткі шеккен күйде жүргізгені белгілі болды. Көлік құралдары бірден мамандандырылған тұраққа қойылды.
Аталған бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотта қаралды. Сот қаулысымен екі жүргізуші де көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жылға айырылды және әрқайсысы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысының полицейлері 418 жүргізушіні жауапқа тартты, әрқайсысына қатысты әкімшілік іс қозғалды, материалдар облыс соттарында қаралды.