Павлодарда мереке күндері 5 мас жүргізуші ұсталды
8 наурыз мерекесі қарсаңында Павлодар облысында мас күйінде көлік басқарып жүрген 5 жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер өңірде кезекті «Мас жүргізуші» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді.
– Іс-шаралар барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 529 дерегі анықталды, оның ішінде бес жүргізуші мас күйінде ұсталды. Түрлі құқық бұзушылықтары үшін арнайы айыппұл тұрағына 20 автокөлік орналастырылды, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Павлодар қаласын патрульдеу кезінде полицейлер қала тұрғыны басқарып келе жатқан «Ауди 80» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру нәтижелері полицейдің күдігін растады. Ер адам көлікті масаң күйде басқарған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жинақталған материал сотқа жолданды. Автокөлік айыппұл тұрағына орналастырылды.
Бұдан басқа Екібастұз қаласында полицейлер «Ауди С4» автокөлігін тоқтатқан, оның жүргізушісі де автокөлікті мас күйінде басқарған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жіберілді. Автокөлік айыппұл тұрағына орналастырылды.
Айта кетсек, жыл басынан бері өңірде мас күйінде көлік басқарып жүрген 141 жүргізуші анықталды.