Павлодарда полицияның үздік көмекшілері марапатталды
Павлодарда полицияның үздік көмекшілері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуде құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар маңызды рөл атқарады. «Сервистік полиция» жобасы шеңберінде азаматтармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында Павлодар қаласының полиция басқармасы құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың қызметін құру және ұйымдастыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіп келеді.
Ерікті көмекшілер қоғамдық тәртіпті қорғауға белсенді қатысады, учаскелік полиция инспекторларына құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстарды ашу ісінде баға жетпес көмек көрсетеді.
– Қазіргі уақытта Павлодар қаласының аумағында құқық қорғау бағытындағы 5 қоғамдық құрылым жұмыс істейді, құрамында 182 адам бар. 2023 жылдың ағымдағы кезеңінде полицияның қоғамдық көмекшілерімен бірлесіп әкімшілік заңнаманы бұзғаны үшін 367 адам ұсталды. Осыған байланысты Павлодар қаласының полиция басқармасы «Полицияның үздік көмекшісі» конкурсын өткізді. Байқауға 2023 жылдың 6 айында полицияға көмек көрсеткен қоғамдық көмекшілер қатысты. №4 учаскелік полиция пункті жанындағы жұртшылық кеңесінің өкілдері полицияға барынша белсенді көмек көрсетті. Олар – Рәуза Бейсекенова, Галина Давиденко, Қайролла Жетпісбаев, Рымкеш Жетпісбаева, Валентина Симончук, Людмила, – деді полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арман Қаптаев.
Полиция қызметкерлері Жамал Әріпбаеваға жұртшылық кеңесінің жұмысын ұйымдастырғаны үшін ерекше алғыс білдіреді. Бұл кеңестер пилоттық жоба шеңберінде құрылған және полиция қызметіне қоғамдық қатысу тетіктерінің бірі саналады. Жұртшылық кеңесінің мүшелері полицияға жәрдем көрсетеді, жұртшылыққа кеңес береді, белгілі бір мәселелерді шешуде өтімді ұсыныстар айтады.
– Мен полиция қызметкерлеріне шын жүрекпен көмектесемін. Құқықтық тәртіпті қорғауға өз үлесімді қоса алатыныма қуаныштымын, – дейді Жамал Әріпбаева.
Байқау соңында барлық қатысушыларға «Полицияның үздік қоғамдық көмекшісі» грамотасы табысталды.
– Жыл сайын қоғамдық көмекшілер көбейіп келеді. Азаматтарды қоғамдағы бұзушылықтарға қарсы тұруға тарту – жастардың құқықтық сана деңгейін көтерудің және оларды ел заңдарын құрметтеу рухында тәрбиелеудің бір жолы деп санаймын. Біздің бірлескен күш-жігеріміз Павлодар қаласындағы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне оң әсер етеді деп сенемін, – деді тәртіп сақшысы.