Павлодарда пробация қызметінен жасырынып жүрген сотталған табылды
Павлодар облысында ұрлық үшін сотталған ауыл тұрғыны іздестірілгеннен кейін табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған ауыл тұрғыны төрт ай бойы облыс орталығының жатақханаларында жасырынған.
Ұрлық жасағаны үшін сотталған ауыл тұрғыны 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Ақтоғай ауданының пробация қызметінде есепте тұрды. Пробация қызметкерлері аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар орталығымен бірге оны тіркеген сәттен бастап ақылы жұмысқа орналастырды, ол зейнеткер анасымен бірге тұрды.
Алайда ақпан айынан бастап сотталған пробация қызметіне тіркелуге келмей, ұялы телефоны өшірулі болды.
– Тұрғылықты жерін тексеру кезінде ол үйде болмаған, анасы сотталғанның қайда екенін білмейтінін мәлімдеген. Жұмыс орнында ол тұрақты түрде жалақы алатынына қарамастан, келуін тоқтатты, жұмыс берушінің айтуынша, ол еңбек тәртібін бұзбаған. Бастапқыда пробация қызметкерлері іздестіру шараларын бастады, аудан мен қаланың барлық медициналық және мемлекеттік мекемелеріне сұрау жіберді, бірақ жауаптарға сәйкес, ол емделмеген. Сонымен қатар, сотталғанның жақын туыстары, көршілері, сондай-ақ, бұрынғы әріптестері сұрастырылды, – деп түсіндірді пробация қызметінің аға инспекторы Ризабек Алин.
Қашқынды таба алмаған пробация қызметкерлері сотталғанды іздеуде деп жариялау және бұлтартпау шарасын белгілеу үшін материалды Ақтоғай аудандық сотына жіберді. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап облыстық полиция департаментінің қызметкерлері пробациялық инспекторлармен бірге сотталғанды іздестірді.
Тамыз айында қашқын Павлодар қаласының жатақханаларының бірінен табылып, тергеу изоляторына орналастырылды.
– Жауап алу кезінде пробациялық бақылаудан жасырынғаны үшін жауапкершілікті білетініне қарамастан, ол осы уақыт ішінде алкогольді асыра пайдаланғанын және таныстарымен бірге әр түрлі жатақханаларда тұрғанын, туыстарының ешқайсысымен байланыс орнатпағанын түсіндірді. Ал бұл жазаны өтеуден қасақана жалтару, – дейді пробация қызметкері Ризабек Алин.
Айтпақшы, қашып жүрген уақыт есепке алынбайды, сотталған адамның одан әрі тағдырын сот шешеді. Егер пробация қызметінің жазаны өзгерту туралы өтініші қанағаттандырылса, ер адам колонияда бір жылдан астам уақыт өткізеді.