Павлодарда қараусыз қалған мал иелері жауапқа тартылды
Павлодарда қараусыз қалған мал иелері жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2019 жылғы 2 шілдеде Мемлекет басшысы Сенат спикерімен кездесу кезінде мал ұрлығы үшін жазаны күшейту керектігін және оның деңгейін төмендетуді айтқан болатын. Осыған байланысты Павлодарлық полицейлер мал ұрлығының алдын алу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар жүргізуде.
– Осылайша жыл басынан бері полицейлер бақылаусыз жайылып жүрген 8500-ден астам малды айыппұл тұрағына қойды. Азаматтардың мал бағуға жауапсыздығынан мал ұрланады, жол-көлік оқиғалары орын алады, сондай-ақ адамдар зардап шегеді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Айта кету керек, осы жылдың наурыз айынан бастап заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді мал бағу ережелерін бұзғаны үшін тек айыппұл қарастырылған.
Облыс аумағында жалпы 146 айыппұл тұрағы жұмыс істейді. Мысалы, полицейлер 15 мамырда патрульдеу кезінде Омбы-Майқапшағай автожолының 440 шақырымында, Жертұмсық ауылының маңында 15 бас жылқы иесіз бағылып жүргенін көріп, айыппұл тұрағына қамады. Үй малының иесі анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылды. Мал иесіне айыппұл салынды.
Сол күні Ертіс ауданында патрульдік полиция ротасының инспекторлары малға арналған айып тұрағына Ертіс ауылының маңындағы Ленин – Русская Поляна автожолында қараусыз жайылып жүрген 40 бас қойды қамады. Иесі анықталды, 66 жастағы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.