Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер жауапқа тартылды
Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың басынан бастап аймақ аумағында 36 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы 67 адам жарақат алды. ЖКО себептерінің бірі – қауіпсіздік белбеуін тақпау, телефон арқылы сөйлесу.
– Павлодар қаласында Лермонтов-Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері Toyota Camry және Lexus автокөліктерін тоқтатты, олардың жүргізушілері көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған және қауіпсіздік белдігін тақпаған. Екі жүргізуші де жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Максим Кустанов.
Басқа жағдайда, LADA Priora автомобиль жүргізушісі бірден үш құқық бұзушылық жасады: қауіпсіздік белдігін тақпай, телефонмен сөйлесті және маневр жасау кезінде бұрылыс шамын жақпады. Жол ережесін бұзушы 15 АЕК-ке жазаланып, айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік жарақатын азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол жүру ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында 5-29 ақпан аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.