Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда тәртіп сақшылары лагерь тәрбиеленушілерімен кездесті

Павлодарда тәртіп сақшылары лагерь тәрбиеленушілерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының тәртіп сақшылары жаз мезгілінде мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалып жатқан балалармен кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған. Осы орайда Баянауыл кентіндегі "Жас дәурен" сауықтыру лагерінде балалармен танымдық және профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуде полиция қызметкерлері балаларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіріп, жасөспірімдердің түнгі уақытта сыртта жүруі, белгісіз жерлерде шомылуы, жол қозғалысы ережелерін сақтамауы секілді өзекті мәселелерге тоқталды. Олар сондай-ақ ата-аналардың кәмелетке толмаған балалардың құқық бұзушылықтары үшін жауап беретінін еске салды.

Патрульдік полиция қызметкерлері өздерінің қызметтері жайлы баяндап, арнайы құралдар мен оқ-дәрілерді көрсетті. Балаларға патрульдік автокөліктің дабыл жүйесі, бейнебақылау құрылғылары мен жыпылықтайтын шамдарымен танысуға мүмкіндік берілді.

Ювеналды полиция инспекторы Эльмира Мекенова жасөспірімдермен әңгіме барысында 23:00-ден кейін ересектерсіз үйден тыс жүру заңмен шектелетінін түсіндірді. Ал патрульдік полиция инспекторы Ерасыл Шегебаев жолдағы қауіпсіздік туралы айтып, электр скутерлерін тек 18 жастан бастап, жүргізуші куәлігі болған жағдайда басқаруға болатынын ескертті.

Мұндай кездесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, полиция қызметіне деген оң көзқарасты қалыптастырады. Кім біледі, болашақта осы лагерьде демалып жатқан балалардың бірі полиция формасын киіп, ел мен қоғам үшін қызмет ету жолын таңдар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру