Павлодарлық полицей жолда қалған жүргізушінің алғысына бөленді
Көлігі бұзылып жолда қалған жүргізуші өзіне көмек қолын созған учаскелік полиция инспекторы Ренат Гатинге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Инстаграмдағы жергілікті пабликтердің бірінде Пограничник ауылының учаскелік полиция инспекторы Ренат Гатинге алғыс білдірген жазба жарияланды.
Автор полиция қызметкеріне қиын жағдайда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
– Ренат Алхамнуровичке үлкен рахмет, оған зор денсаулық, жұмыста табыс және амандық тілейміз! Ол – нағыз полицей, – деп жазған автор.
Сондай-ақ, ол болған оқиға туралы әңгіме өрбіткен.
– 21 ақпан күні отбасыммен бірге Екібастұзға бара жатқан кезде қаладан 35 шақырым жерде аяқ астынан көлігіміз бұзылды. Ақауды өзім жөндей алмадым, өйткені көлікке қосалқы бөлшектер қажет болды. Бақытымызға орай, осы уақытта жолдан учаскелік инспектор Ренат Гатин өтіп бара жатты. Жол жиегінде тұрған көлікті байқап, ол бірден тоқтап, өз көмегін ұсынды. Одан әрі полицей көлікті сүйретіп, Павлодардағы техникалық көмек көрсету станциясына дейін жеткізді. Егер полицей жақын жерде болмаса, бізге не болуы мүмкін екенін елестету де қорқынышты, өйткені қатты аязда жолда қалу өмір үшін қауіпті, – деп жазған павлодарлық азамат.