Павлодарлық полицейлер алкоголь өнімдерін сату бойынша талаптарды бұзғандарды анықтады
Облыс тұрғындарының тарапынан мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Павлодар облысының полицейлері алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзуды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Жыл басынан бері полицейлер алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзудың 49 фактісін анықтады. Заңмен белгіленген уақыттан тыс мезгілде алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынғанына қарамастан, кейбір сатушылар пайда табу үшін заңды бұзуға жол береді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Мәселен, Павлодар қаласының Қамзин көшесіндегі дүкендердің бірінде сатушы 21 жасқа толмаған жігітке «Добрый Бобр» маркалы сыраның екі банкісін сатқан, алайда заң талаптарына сәйкес сатушының сатып алушының заңмен белгіленген жасқа жеткеніне көз жеткізуі тиіс еді.
Бұдан басқа Железин ауданындағы ауылдардың бірінде сатушы «Тойбастар» маркалы арақтың екі бөтелкесін сатты. Алкоголь өнімдерін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабының 1-бөлігі (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар одан әрі қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Полицейлер жыл басынан бері қоғамдық орындарда масаң күйде жүрген 1315 азаматтың жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерінің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзуға жол берілген жағдайда «102» телефоны бойынша полиция органдарына хабарлау қажет екенін ескертеді.