Павлодарлық полицейлер тұрғындардың алғысына бөленуде
Павлодар облысының полицейлері облыс жолдарында қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуді жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шарбақты ауданының полиция бөліміне полицейлер Ризабек Сейтахметов пен Александр Гринцовқа Бейбіт Қабдуллин деген азаматтың атынан алғыс хат келіп түсті.
Ер адамның айтуынша, ол 28 қаңтарда автокөлікпен Успенка ауылынан шығып, Шарбақты ауылына бара жатқанда кешкі сағат 20:00 шамасында Орловка ауылының жанындағы жолдың бір бөлігінде бензині таусылып қалғандықтан, діттіген жеріне жете алмай, тоқтауға мәжбүр болған. Ол көлікте жалғыз болған, ер адам бір сағатқа жуық жолда көмек күткен.
Оған аумақты патрульдеу барысында жолыққан патрульдік полицейлер Бейбіттің автокөлігін қызметтік көлікке тіркеп, Шарбақты ауылындағы жанармай құю станциясына жеткізген.
Ер адам өз құтқарушыларына қиын сәтте немқұрайлы қарамай, көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді.