Павлодарлық полицейлер жеңіл атлетикадан ел чемпионатында 13 медаль жеңіп алды
Павлодарлық полицейлер жеңіл атлетикадан ел чемпионатында 13 медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарлық полицейлер Қарағанды қаласында ардагерлер арасында өткен жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысты. Жарыстардың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық шеберлікті жоғары деңгейге арттыру.
Жарыстар қатысушылардан барынша ептілікті, жылдамдықты және шоғырлануды талап ететін спорттың 10 түрі бойынша өтті. Олардың арасында әртүрлі қашықтыққа жүгіру, биіктікке, ұзындыққа секіру, ядро итеру, эстафеталық жүгіру бар.
Чемпионатқа әртүрлі жастағы (35-тен 75 жасқа дейін) 120-дан астам қатысушы жиналып, еліміздің түрлі өңірлерін таныстырды.
Жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық спортшылар Қазақстан қалалары арасында ең көп медаль жеңіп алғандардың қатарында болды. Спортшылардың қоржынында барлығы 63 медаль, оның ішінде 36 алтын, 24 күміс және 3 қола.
– «Динамо» спорт қоғамының өкілдері, яғни Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 13 медальді қанжығаларына байлап, өздерін лайықты биіктікте көрсете білді. Қанат Шакуов екі алтын және бір күміс медальді, Нұрлан Сүйімбаев бір алтын, Адай Берекетов үш алтын және төрт күміс медальді, Әсел Абдраманова бір алтын және бір күміс медальді жеңіп алды. Жарыс соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен марапатталды,-деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.