Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық полицейлер жыл басынан бері балалардың жоғалуының 47 фактісін тіркеді

Павлодарлық полицейлер жыл басынан бері балалардың жоғалуының 47 фактісін тіркеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында балаларға ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Полиция қызметкерлері ата-аналарға жұмысбастылыққа қарамастан, қырағылық танытып, балалардың бос уақытына, әсіресе, жасөспірім кезде араласатын достарының шеңберіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін еске салады.

Павлодар облысында 2022 жылдың басынан бастап кәмелетке толмағандардың үйінен кетіп, жоғалуының 47 фактісі тіркелді. Балалар мен жасөспірімдерді іздеу фактілері төтенше жағдай ретінде қарастырылады және құқық қорғау органдарының қызметкерлері кәмелетке толмағандарды дереу іздеуді жүзеге асырады.

Сонымен қатар, волонтерлік ұйымдардың іздеуге белсенді қатысуын атап өткен жөн. Кішкентай балалар тұрғылықты жерде де дұрыс бағдар ала алмайды. Егер төрт жасар бала үйінің қақпасынан шығып, тіпті ең жақын көрші аула арқылы бұрылып кетсе де, ол үйге жол таба алмауы мүмкін.

Жасөспірімдермен жағдай әлде қайда күрделі. Көбінесе жасөспірім үшін үйден кетуге себеп –  ата-аналармен өзара түсіністіктің болмауы, тәуелсіз болуға деген ұмтылыс. Сондай-ақ, үйдегі қолайсыз жағдай, ата-аналардың алкогольді теріс пайдалануы себеп болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда мұндай әрекетпен балалар ата-ананың назарын өздеріне аударғысы келеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, үйден өз еркімен кеткен жасөспірім өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар санатына жатады. Үйден бірнеше рет кеткен кәмелетке толмағандар полицияның есебіне қойылады, олармен оқу орны бойынша педагогтармен, психологтармен бірлесіп профилактикалық жұмыс жүргізіледі.

– Ізделетіндердің кәмелетке толмаған жасын ескере отырып, балалар үшін жауапкершілік заңды өкілдерге жүктеледі. Павлодар облысында жыл басынан бері оларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 196 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 127-бабы). Балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс орындарда болғаны үшін – 1029 (ҚР ӘҚБтК 442-бабы ) ата-ана мен заңды өкілдері, сондай-ақ 25 мекеме иесі (ҚР ӘҚБтК 132-бабы) жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

Жақындарының түсінуі мен қолдауы кәмелетке толмағандардың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен тәрбиесінде үлкен рөл атқаратынын ата-аналар есте ұстауы керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру