Павлодарлық тұрғын әйеліне қол көтергені үшін жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысының аумағында жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2514 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қарашада Павлодар қаласының полицейлеріне бірге тұратын ер адамның отбасылық жанжал шығарғаны туралы әйел адам шағымданған.
Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері отбасындағы ауызша айтыстың төбелеске ұласып, ер адамның әйелге қол жұмсағанын анықтады. Отағасының ішімдік ішкені ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңнің себебі болған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) хаттама толтырылды.
Мұндай отбасылық қақтығыстардың полицияға күн сайын түсетінін айта кету керек.
– 2020 жылдың 10 айында Павлодар облысының аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2 514 әкімшілік құқық бұзушылық жасалды – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.